Исатайлық Дана Амангелдиева аудандық мүшәйрадан жеңімпаз атанды

Бүгін Исатай аудандық кітапханасында жас ақындар мүшәйрасы өтті.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Исатай ауданы әкімдігі мен "Елсана" руханият клубының ұйымдастыруымен ауданның жас жазба ақындары арасындағы мүшәйра "Ақындар дуэлі" деп аталды.

«Дуэль» деудің себебі мынада. Ақындар реттік нөмірлерін анықтаған соң жұптарға бөлініп, өз өлеңдерін оқиды. Яғни, ақындар жырмен жекпе-жекке шығады. Қос ақынның «дуэлінде» жеңімпаз атанғандары келесі айналымға өтеді. Осылайша үш айналымнан тұратын жыр бәйгесінде өнер көрсеткен 15 ақыннан таңдалған жеңімпаз жүлдегерлер марапатталып, сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды. Атап айтар болсақ, әп дегеннен таңдаған тақырыбы мен өлең құрылысы, көркемдігімен көзге түскен Исатай ауылының жас ақын қызы Дана Амангелдиева өзгелерден оқ бойы озық келіп, жарыс жеңімпазы атанса, Абай атындағы орта мектеп оқушысы Айсана Қуаталиев бірінші орынға қол жеткізді. Ал, екінші орынды Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп оқушысы Диана Саадатқызы еншілесе, үшінші орын Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің дарынды оқушысы Тұрдыбек Ибраймға бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер енді облыстық мүшәйрада бақ сынайтын болады.

- Мақсатымыз - жас қаламгерлерімізді таныту. Бүгінгі күні кейбір жастарымыздың бойынан жат әрекеттерді байқағанымызбен, оларға тәрбие жұмыстарын жүргізуде енжармыз. Бәрін әкеліп ата-ана мен мектепке ысыра саламыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Жастардың тәрбиесі - жалпыға ортақ іс. Біз де шамамыз келгенше өнерлі жастарымызға көңіл бөліп, олардың талантын одан әрі шыңдап, аймағымызға танытсақ деген мақсатта осы шараны қолға алған болатынбыз. Бұл аудандық жыр бәйгесінен жүлдегер атанғандары облыстық мүшәйрада бақ сынайды, одан көзге түскен жас ақындардың жырлары бір жинақ болып басылмақ. Бұл - жас дарындарымызға үлкен мүмкіндік, - дейді "Елсана" рухани-патриоттық қауымдастығының «Ақпарат» департаменті директоры, ақын Арман Жайықбаев.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521