bannerqaz

Көптілеу Меңдібаев: «Күйзелістен күйші болдым»

Нарындық әуесқой сазгер Көптілеу Меңдібаев жас күнінде теміржолдың уақытпен санаспайтын жұмысында жүріп, өнермен кәсіби айналыса алмады.

Дегенмен ол бала жасында Құрманғазы күйлерін Ахмет Жұбановқа жаздырған санаулы адамдардың бірі Ғилман Хайрошевтай ұстаздың алдын көрген екен.

Сол кісіден домбырада ойнау шеберлігімен қатар «Балбырауын», «Алатау» күйлерін үйренген. Қали Жантілеуовтің орындауындағы «Сәнеу» күйін күйсандықтан тыңдап үйреніп, қазіргі уақытқа дейін орындап жүр. Өзі де күй шығарып, оны нотаға түсірмесе де, санасына құйып, қос ішектің сүйемелдеуімен жарыққа шығарған. Домбырашының өзі бұл туралы былай дейді:

- 1986 жылы бірінші қыз балам 13 жасында дүниеден өтті, содан кейін екінші қызым да 1990 жылы сол жаста қайтыс болды. Сол жағдайлардан кейін үлкен күйзеліске түстім. Жаным қиналып, налып, қапа болып, қос гүліме деген сағынышым басылмай жүрген шақтарда бір әуен көкейіме келді. Кейін соны домбыраға түсірдім. Ол күйді «Қос қарлығашым» деп атадым. Содан кейін де, әлі де болса күйзелісте жүрген шағымда, тағы бір әуен туды. Бұрын еңбекте алда болдым, мереке сайын сыйлықтар алып, алдыңғы қатарлы жұмысшы болдым ғой, енді жігерленейін, қайғыдан арылайын деп шешім қабылдап, сөйтіп екінші күйімді «Жігер» деп атадым.

Көптілеу Меңдібаевтың анасы да үлкен өнер иесі, күйші, шебер орындаушы болған адам. Ол кісі жерлесіміз, атақты сазгер, мәдениет қайраткері Шәмшиден Шәріповтің туыс қарындасы. Осындай өнерлі жаннан қасиет дарыған Көптілеу Меңдібаев анасы туралы «Ана жүрегі» атты күй шығарып, оны көпшілік бас қосып, жиналған орындарда орындайды екен. Тыңдап көрген адамдардың айтуынша, бұл күй желісінен ананың балаға деген махаббаты сипатталады дейді.

Өзі де зейнеткер Көптілеу күйшінің бұрын-соңды беймәлім болып келген күйлерін жарыққа шығарып, шығармаларын нотаға түсіру, оны көпшілікке, жастарға насихаттау ісімен енді аудандық ардагерлер кеңесі айналысуға ниет танытып отыр.

Ержан ШЕРУЕНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Сурет: ашық дереккөзден

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz