Сарайшыққа саяхат жасап қайттық

Исатай ауданының белсенді жастары аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығына экскурсия жасап келді.

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута өз саяхаттарының бірінде 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып, Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол: «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деп жазған. Сарайжук – монғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді. Осындай құнды мәліметтер мен тарихи жәдігерлерді таныстырған музей қызметкерлері жастардың сұрағына жауап беріп, әйгілі Жәнібек ханның қызына арнайы салдыртқан «Аққу көлі» немесе «Секер көлі» туралы түсіндірді.

Сонымен бірге жастар Сарайшықтың жұмбақ әлемін театрлық қойылым арқылы көрсеткен «Атырау жастар театрының» өнерін тамашалады. Театр әртістерінің шеберлігі соншалық, қойылымдардан өзімді сол кездегі Сарайшық қаласының тұрғыны ретінде сезіндім. Осындай тарихи орындардың құпиясымен танысуға мүмкіндік жасаған аудандық жастар ресурстық орталығына алғысым шексіз.

Айзада ҚАЛИЕВА,

халыққа қызмет көрсету орталығының маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521