Атыраулық апамыз риза етті

Әдеттегідей жұмыс күнінің бірі болатын. Әшейінде «шырылдап» жататын сұр телефон да біраз уақыт үнсіз қалған, кенет «безілдеп» қоя берді.

- Айналайын, амансыздар ма? Айып болмаса, Атыраудан мазалап тұр едім,-деді арғы жағындағы дауыс. Үлкен болсын, кіші болсын, газет редакциясына тектен-тек ешкім де телефон шалмайтыны белгілі, қысқа аман-саулықтан соң шаруасын айта беруін сұрадық.

Сөйтсек, қоңыраулатқан адам өзіміздің тұрақты оқырмандарымыздың бірі болып шықты. Айтуынша, осы топырақта туылған, қазір қалалық болып кеткенімен «Нарын таңын» үзбей алдырып, ұдайы оқып отырады екен. «Ауыл-ауданның бар жаңалығын, тіршілік-тынысын содан біліп, хабарлы болып отырамын. Жанымызға жақын басылым ғой ол» деген апайдың бір пікірі көңілімізді біраз биікке көтеріп, риза болып қалдық.

Білгеніміз, ол кісінің қалалық пошта байланыс мекемесіне өкпесі қара қазандай екен. «Қаланың шеткері тұсында тұрсам ештеңе емес, қақ ортасында, Сәтбаевтың бойында тұрамын, бірақ жазылған газетім уақытылы келмейтін болды. Бізге 11-пошта бөлімшесі қызмет көрсетеді, айтудай-ақ айтып жүрмін, нәтиже жоқ» деді апамыз. Біз ол кісіге білгенімізше кімге, қайда хабарласуы керектігін тәптіштей түсіндірген болдық.

Апайдың аты-жөнін сұрай бастағанымыз сол еді, естімеді ме, жоқ әлде байланыстан ақау шығып қалды ма, трубкамыз «дыңылдап» тұрып алды. Соған сәл қоңырайып қалған көңілімізде ризашылық та бар еді. Өйткені «Нарын таңын» уақытылы алдыра алмай отырса да оған алдағы жылға тағы жазылып қойған атыраулық оқырманымыздың жанашырлығы, ілтипаты, патриоттығы риза етті. Басқалардың да төл басылымға деген түсінігі осындай болса, газет таралымы арта түсер еді-дағы деген бір ой да қабаттаса берді. Кешігіп болса да жеткен газетінен оқи жатар деп бейтаныс жанашыр апамызға жақсылықтар тілестік.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521