Біздің ауылдың айтқыштары

Өзімізге таныс дөңгелек 

Бірде Есқали сапарда келе жатқанда машинаның дөңгелегі ағытылып кетіп, дөңгеленген бойы жолдың жиегіне таман озып барып тоқтайды.

Мұны көрген Есқали жүргізушіге: - Мына дөңгелек өзімізге таныс сияқты ғой, ала кетейік, - деген екен. 

«Шақыра алмай ұятты болып жүрмін»

Бірде Есенғалиев Есқали «Новобогат» кеңшарының директоры болып жүрген кезінде Бисенғазы деген шопанның әлдебір шаруамен кеңсеге келгенін естиді.

Директор оған анада берген тапсырмасы есіне түсіп хатшы қыз арқылы Бисенғазыны шақыртады. Бисенғазы көптен көрмеген құрдасымен кездесіп қалып, ұзағырақ әңгімелесіп қалса керек. Директор екінші рет шақыртады. Есқали есіктен ентіге кірген Бисенғазыға:

- Екі мәрте шақырғанда әзер дегенде келдің-ау, - дейді. Сонда Бисенғазы: - Есақа, сіз қайта-қайта шақырып жүрсіз-ау, ал мен бірде-бір рет шақыра алмай ұятты болып жүрмін ғой, - деген екен. 

Оята көрмеңдер 

Пішен дайындау науқаны кезінде «Новобогат» кеңшарына сол кездегі облыстық халықтық бақылау комитетінің төрайымы Қабира Салықова іссапармен келе қалады. Директор Есенғалиев бірге пішеншілерді аралап, науқанның барысымен танысады. Сәске түске таман бір пішеншілер бригадасына келсе,қос басында тым-тырыс, ешкім көрінбейді. Машинадан алдымен түскен Есқали аяғын жедел басып ішке кіргенде, өңкей арақ иісі мүңкіген пішеншілердің қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқанын көреді де, іле сөйлеп кері шығады.

- Жігіттер, түнгі, таңғы салқынды пайдаланып, шөп шапқан екен, сілесі құрып шаршаған ғой, оята көрмеңдер, - деп Есақаң осылай қарай бет алған Қ.Салықова және оның қасына ерген адамдарға қарсы жүріпті.

«...Серкемнің мүйізі батып отыр»

Бір жолы ауатком төрағасы Уәли Жайықов марқұм шаруашылық аралауға шығады. Машинадағы серіктерінің бірі, былай бір көтеріліп басылып, қозғалақтай беріпті.

- Немене, Әбеке, тынышсызданып келесіз ғой, бірдеңе батып отырған жоқ па? - деп сұрайды Уәли.

- Иә, - депті Әбілқасым, - ақ серкемнің мүйізі ғой астыма батып келе жатқан. Уәли де сөздің астарын аңғарып, Әбілқасымға жымия көз тастайды.

Сөйтсе, Уәлидің Әбілқасым үйіне түстенетін ниеті бар екенін білген соң, өзінің семіз серкесі есіне түсіп, соны союды ойлап келеді екен.

Жазушы, журналист Құмарғали Ғабдешұлының «Дариға дәурен» кітабынан алынды

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521