Кейде табиғатты бізге мәңгілікке берілген дүние сияқты қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде, біз бүгінгі табиғатты болашақ ұрпақтан уақытша алып отырмыз. Бүгін кесілген бір ағаштың орнын ертең бірден толтыру мүмкін емес. Бүгін ластанған өзенді ертең бір күнде қайта қалпына келтіре алмаймыз.
Сондықтан «Таза Қазақстан» мен үшін қазіргі уақыттың ғана емес, болашақтың жобасы. Бүгін біз жинаған бір қап қоқыс – ертеңгі баланың таза ауасы. Бүгін отырғызған бір тал – болашақтағы біреудің саясы. Бүгін қалыптастырған экологиялық әдет – ертеңгі ұрпақтың өмір салты.
Табиғатты қорғау арқылы біз тек жерді емес, **болашақтағы адамдардың өмір сапасын қорғаймыз**. Осы тұрғыдан қарасақ, «Таза Қазақстан» – бүгінгі азаматтың ертеңгі ұрпақ алдындағы үнсіз аманаты. Табиғатты бізге ата-бабамыз қалдырды, ал оны қандай күйде келесі ұрпаққа тапсыратынымыз – біздің қолымызда.
Б.АСҚАРҰЛЫ


