Болашақтың бастауы

 

Елімізде 15 наурызға белгіленген бүкілхалықтық референдум мерзімі жақындап келеді. Мемлекет тарапынан Конституциялық реформаны халыққа түсіндіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүкілхалықтық коалиция мүшелері жергілікті жерлерде, кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында және әртүрлі әлеуметтік топтар арасында кездесулер өткізіп, жаңа заңның ерекшеліктерін кеңінен түсіндіруде.

Жаңа заң жобасының түпнұсқасы елімізде тұңғыш рет қазақ тілінде әзірленіп, бүкілхалықтық талқылаудан өтіп, мыңдаған ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып жазылуы – үлкен жетістік. Екі ғасырдан астам уақыт Ресей империясының ықпалында болған еліміз үшін тәуелсіздік алғанымызға небәрі 35 жылға жуық уақыт өтті. Бұл – тарих өлшемімен қарағанда теңізге тамған тамшыдай ғана уақыт. Сондықтан біз неге Кувейт, Сингапур секілді мемлекеттердей тез дамып кетпедік деген сұрақ туындайды. Мұның себебі – экономикалық, саяси және санамыздағы бодандықтың салдары бірден жойылып кетпейтінін мойындауымыз қажет. Мысалы, банкоматтан ақша алар кезде қазақ тілін жетік білемін деп жүрген көпшілігіміздің өзі орыс тілін таңдайтыны жасырын емес. Күнделікті әңгімеде де орыс сөздерін араластырып сөйлейтініміз рас. Ұзақ жылдар бойы орыс тілінде білім алып, мемлекеттік қызметте жүрген адамдардың барлығын бірден өзгерту мүмкін емес.

Сонымен бірге қазақ тілінің деңгейі біртіндеп өсіп келе жатқанын да шынайы бағалауымыз керек. Мәселен, қазіргі таңда республика мектептерінде қазақ тілінде оқитын оқушылардың үлесі 80 пайыздан асып, 90 пайызға жуықтады. ҰБТ тапсырушылардың шамамен 75 пайызы тесті қазақ тілінде тапсырады. Бұл – мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келе жатқанын көрсететін нақты көрсеткіштер.

Қысқасы, «Көш жүре түзеледі» деген халық даналығына сүйенсек, болашақ қазақ жастарының қолында екенін аңғаруға болады. Осыны саралай отырып, қазіргі әлемдегі күрделі жағдайлар мен түрлі қақтығыстарды ескерсек, Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басқанымыз» жөн деген ойға келеміз.

 

Бекболат МУСИН, 
ардагер ұстаз, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT