18 мамыр күні аудан көлемінде «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Шараның мақсаты – әкімшілік айыппұлдарды өндіру, жол қозғалысы ережесін бұзған борышкерлерді анықтау және құқықтық тәртіпті күшейту.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері Атырау облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының мамандарымен бірлесіп, шетел азаматтарының айыппұл төлеу туралы қаулылары мен нұсқамаларын орындау бағытында жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, Исатай ауданы аумағындағы Атырау – Астрахань тас жолында рейд ұйымдастырылып, айыппұл төлемеген борышкерлер анықталады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабына сәйкес, азаматтар әкімшілік хаттама толтырылған күннен бастап 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын қысқартылған тәртіппен төлеуге құқылы. Ал бұл мүмкіндік пайдаланылмаған жағдайда, айыппұл толық көлемде 30 күн ішінде ерікті түрде төленуі қажет.
Егер айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, әкімшілік іс мәжбүрлеп өндіріп алу үшін мемлекеттік немесе жеке сот орындаушыларына жолданады.
Осыған байланысты Исатай аудандық полиция бөлімі тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады.
Мағазова Мөлдір Есмұратқызы,
Исатай ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры


