Мемлекет башысы: "Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы."
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ойлары еліміздің бүгінгі даму бағытын, қоғамның жаңару үдерісін және азаматтық жауапкершіліктің маңызын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда Қазақстан бірлік пен жасампаздыққа негізделген жаңа кезеңге қадам басты. Қоғамда тың идеяларды ұсынатын, ел болашағына бейжай қарамайтын, білімді әрі отаншыл азаматтардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Бұл – тәуелсіз еліміздің жетістігі мен жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі.
Президент сөзінде халықтың ауызбіршілігіне ерекше мән беріледі. Шынында да, елдің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі – қоғамдық келісім мен ынтымақ. Бірлігі мықты халық қана кез келген қиындықты еңсеріп, биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Сондықтан әрбір азамат ел ішіндегі татулықты сақтауға, өзара құрмет пен түсіністікті нығайтуға үлес қосуы қажет.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құру жолында барлық озық ойлы қоғамдық-саяси күштердің ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуі қажеттігін атап өтті. Бұл – өте маңызды ұстаным. Себебі қоғамның әртүрлі топтары мен азаматтары бір мақсатқа жұмылған кезде ғана реформалар нәтижелі болып, мемлекеттілігіміз нығая түседі. Әділетті қоғам құру – тек биліктің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндеті.
Президенттің егемендік пен тәуелсіздікті ең қасиетті құндылық ретінде бағалауы да ерекше назар аудартады. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы мен күресінің нәтижесі. Сондықтан оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа аман жеткізу – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Егемен ел ретінде біз өз болашағымызды өзіміз айқындап, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюымыз керек.
Мәтінде азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуы туралы да маңызды ой қозғалған. Бүгінде көптеген жастар еріктілік қызметпен айналысып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл олардың ел тағдырына немқұрайлы қарамайтындығын және азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Мұндай белсенділік қоғамның дамуына оң әсер етіп, ұлттық бірлікті нығайтады.
Әсіресе, «Нағыз отаншыл адам көзбояушылыққа бармайды, шын патриот ел мүддесі үшін табанды еңбек етеді» деген ойдың тәрбиелік мәні зор. Патриотизм тек ұрандату немесе сөз жүзінде елін сүю емес. Шынайы отаншылдық – өз ісін адал атқару, қоғамға пайда келтіру, білім мен еңбекті ел игілігіне жұмсау. Жасампаз отаншылдықтың мәні де осында. Әр азамат өз саласында жауапкершілікпен еңбек етіп, мемлекеттің дамуына үлес қосқанда ғана елдің болашағы жарқын болады.
Қорытындылай келе, Президенттің бұл үндеуі Қазақстанның болашағы бірлікке, әділдікке, жасампаз еңбекке және шынайы патриотизмге негізделуі тиіс екенін көрсетеді. Тәуелсіздікті қадірлейтін, мемлекет тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын азаматтар көбейген сайын Қазақстанның дамуы қарқынды болып, Әділетті Қазақстан құру мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі арта түседі.
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

