Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясындағы сөзіне үңілсек, ел дамуының бүгінгі бағыты айқын көрінеді. Экономикалық өсім, жаңа өндірістер, инвестиция, инфрақұрылым – мұның бәрі түптеп келгенде бір мақсатқа, яғни азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс.
Президенттің Қазақстанды «бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқан» ел ретінде сипаттауы – жай ғана теңеу емес. Бүгінде жаңа нысандардың бой көтеруі, жолдардың жаңаруы, энергетикалық және су инфрақұрылымының қайта жаңғыртылуы ел экономикасының қозғалыста екенін аңғартады. Бірақ кез келген құрылыстың шынайы нәтижесі оның көлемімен емес, халыққа қаншалықты пайда әкелгенімен өлшенеді.
Жаңа зауыт іске қосылса – ол ең алдымен жаңа жұмыс орны болуы керек. Жол салынса – елді мекендер арасындағы байланысты жеңілдетуі қажет. Су жүйесі жаңарса – тұрғынның тұрмыс сапасы жақсаруы тиіс. Энергетикалық жоба жүзеге асса – оның нәтижесі тұрақты әрі сапалы қызметтен көрінуі керек. Яғни инвестицияның қайтарымы тек экономикалық көрсеткіштерден емес, қарапайым азаматтың күнделікті өмірінен сезілгені маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының «үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс» деген пікірі ерекше мәнге ие. Инфрақұрылым – экономиканың күретамыры. Оған салынған инвестиция бүгінгі қажеттілікті өтеумен шектелмей, ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы керек.
Қазір Қазақстан үшін басты мәселе – инвестиция тартудың көлемі ғана емес, оның сапасы. Қаражат нақты өндірістерге, технологияға, адами капиталға, өңірлердің инфрақұрылымына бағытталғанда ғана экономикалық өсім тұрақты сипат алады.
Сондықтан бүгінгі Құрылтай мінберінен айтылған экономикалық міндеттердің салмағы да осында. Даму дегеніміз – есептегі цифрлардың өсуі ғана емес. Даму – жаңа жұмыс орны, қолжетімді инфрақұрылым, сапалы қызмет, қауіпсіз орта және халықтың ертеңіне деген сенімі.
Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына айналуы – мүмкіндіктің белгісі. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті халықтың әл-ауқатына айналдыру. Өйткені экономиканың ең басты көрсеткіші – оның адам өміріне әкелген нақты өзгерісі.
Жасұлан АЛИПОВ,
Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебінің директоры



