Ақордада өткен салтанатты сәт – еліміздің саяси тарихындағы айрықша маңызы бар кезеңдердің бірі. Мемлекет басшысының жаңа Конституцияға қол қоюы – Қазақстанның жаңару жолындағы батыл қадамы әрі халық еркіне негізделген маңызды шешім. Бұл – тек құқықтық құжаттың қабылдануы ғана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи таңдау.
Жаңа Ата заңның «Халық Конституциясы» деп аталуының өзі оның басты мәнін айқын көрсетеді. Өйткені бұл құжат қоғамның сұранысын, азаматтардың үміті мен сенімін біріктірген ортақ құндылыққа айналды. Референдум арқылы қабылданған шешім – халықтың мемлекет тағдырына бейжай қарамай, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдеді. Бұл – азаматтардың ел басқару ісіне тікелей қатысуының айқын көрінісі.
Конституция – кез келген мемлекеттің тірегі, құқықтық жүйенің өзегі. Сондықтан жаңа Ата заңның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін бастап, саяси жүйенің жетілуіне, әділетті қоғам құруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға тың серпін бермек. Ең бастысы, бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға қызмет етеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, 15 наурыз енді ұлттық деңгейде Конституция күні ретінде аталып өтеді. Бұл – халықтың тарихи таңдауын құрметтеудің, ел бірлігі мен ортақ жауапкершіліктің белгісі. Ал жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енуі – мемлекет өмірінде жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Сондықтан бұл күн – ел тарихында ерекше орын алатын, тәуелсіздігіміздің мазмұнын тереңдететін тағылымды белес.
Ақтолқын Шайқызы,
аудандық оқушылар үйінің директоры

