Ақордада өткен салтанатты жиын ел тарихындағы айрықша маңызы бар сәттердің бірі ретінде есте қалары сөзсіз. Бұл күні Мемлекет басшысы бүкіл халық атынан жаңа Конституцияға қол қойып, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Мұндай тарихи шешім – мемлекеттің болашақ бағытын айқындайтын, қоғамның ортақ мүддесі мен үмітін тоғыстырған маңызды қадам.
Ата заң – кез келген елдің іргетасын бекітетін, мемлекеттіліктің басты тірегі саналатын құжат. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы ел өміріндегі терең өзгерістердің бастамасы деуге болады. Референдум арқылы қабылданған бұл шешім халықтың өз болашағына бейжай қарамайтынын, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Сол себепті оны «Халық Конституциясы» деп атаудың өзіндік мәні де, маңызы да зор.
Жаңа Ата заң мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, елдегі әділеттілік қағидаттарын күшейтуге бағытталған. Бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты назарға алып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ол Қазақстанның тұрақты дамуы мен саяси жаңғыруының берік құқықтық негізіне айналмақ.
Президенттің айтуынша, бұл күн – тарихымызда өшпес із қалдыратын ерекше сәт. Ал Конституция күнінің жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде аталып өтілуі – халық еркімен қабылданған тарихи шешімнің маңызын айқындайтын маңызды белгі. Бұл күн енді ел бірлігі мен жаңару жолындағы сенімнің символына айналады.
Жаңа Конституция – Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық құжат. Ол мемлекет пен халықтың ортақ мақсатқа жұмыла отырып, әділетті, тұрақты әрі өркендеген қоғам құру жолындағы ұмтылысын білдіреді. Сондықтан бұл тарихи қадам – еліміздің жаңа даму белесіне бастаған маңызды шешім.
Ақмарал ТАХАЕВА,
Исатай аудандық мәслихат депутаты, Исатай ауданы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, жеке кәсіпкер,
«Ауыл» партиясының жанынан құрылған «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссиясының төрайымы

