Интернет – алысты жақындатып, өмірімізді жеңілдетіп отырған құрал. Дегенмен, оның да кемшін тұстары жоқ емес. Алаяқтар үшін интернет қарапайым адамдарды алдаудың жаңа құралына айналып үлгерді. Сол үшін де интернет-алаяқтық жаңалық емес. Интернет жеке деректерді ұрлау және қаржылық алаяқтық жасаудың ең танымал құралдардың біріне айналды. Интернет-алаяқтық заманауи технологиялық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оны киберқылмыстың бір түрі деп есептеуге болады.
Интернеттегі алаяқтардың мақсаты – заңсыз жолмен басқалардың ақшасы мен мүлкін ұрлау. Алаяқтықтың бұл түрі Интернет қызметтерін немесе оған қосылған бағдарламаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Интернет-алаяқтардың жымысқы әрекетінен әлемде қаншама адам қаржылық шығынға батып жатыр. Оған тосқауыл жоқ, десе де одан қорғанудың жолдары бар. Интернет-алаяқтық материалдық шығыннан бөлек моральдық шығынға да ұшыратады. Бұл алаяқтың кәсіби деңгейі мен тәжірибесіне байланысты.
Сіз кез келген уақытта қандай да бір жолмен онлайн-алаяқтықтың құрбанына айналып кетуіңіз мүмкін. Сол себепті, барынша абай болу керек және жеке деректердің қауіпсіздігін бақылап отырған жөн.


