Исатай ауданы аумағында 2026 жылғы 15–22 ақпан аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған шараның негізгі мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және құқықтық тәртіпті нығайту.
Іс-шара барысында Исатай аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары полиция есебінде тұрған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, заң талаптарын сақтау, отбасындағы дау-дамайлардың алдын алу және құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға отбасы құндылықтарын сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру жөнінде ақпарат берді. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру – қауіпсіз қоғам құрудың басты негізі.



