Қамысқалалық азамат несие рәсімдеп, сан соқты

Әлеуметтік желілерде оңай әрі тез табыс табуға шақыратын инвестициялық жарнамалар көбейген сайын, олардың құрбанына айналатын азаматтардың саны да артып келеді. Алаяқтар өзін кәсіби брокер немесе қаржы кеңесшісі ретінде таныстырып, қысқа уақытта мол пайда табуға болатынына сендіріп, тұрғындардың сеніміне кіреді. Осындай алаяқтықтың кезекті құрбаны – Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны «Д.О.» есімді азамат. Ол биылғы жылдың қаңтар айында Facebook әлеуметтік желісінде «XTP» атауымен жарияланған жарнаманы көріп, брокерлік платформа арқылы АҚШ долларымен инвестиция жасап, жоғары табыс табуға болады деген ұсынысқа қызығушылық танытқан.


Жарнамада көрсетілген байланыс нөмірі арқылы белгісіз тұлғалармен хабарласқан азамат олардың нұсқауына толықтай сеніп, инвестициялық шот ашып, қаражат сала бастайды. Алаяқтардың бағыттауымен ол «Home Credit Bank» арқылы 24 ай мерзімге 1 500 000 теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеп, оған қоса өзінің жеке жинақтағы қаражатын қосып, бірнеше банк есепшотына жалпы 1 538 075 теңге аударады.
Бастапқыда жоғары табысқа кенелетініне сенген азамат көп ұзамай күмәндана бастайды. Себебі уәде етілген пайда түспей, салынған қаражатты кері қайтару мүмкін болмайды. Ал өзін инвестициялық кеңесші ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар байланысын үзіп, ізін жасырады.
Осылайша әлеуметтік желідегі жалған инвестициялық жарнамаға сенген тұрғын 1 538 075 теңге көлеміндегі қаржысынан айырылып, интернет-алаяқтардың кезекті құрбанына айналды.
Мамандар әлеуметтік желілерде кездесетін кез келген инвестициялық ұсыныстың заңдылығын мұқият тексеріп, белгісіз адамдардың нұсқауымен несие рәсімдеуден немесе қаражат аударудан бас тартқан жөн деп есептейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT