КАРТАҢЫЗДЫ БЕРГЕНІҢІЗ ҮШІН СОТТАЛУЫҢЫЗ МҮМКІН

Бұрын алаяқтар өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтері мен қаражатын иемденумен шектелсе, бүгінде олардың әрекеті әлдеқайда күрделене түсті. Қазір қылмыскерлер өздерінің ізін жасыру үшін қарапайым азаматтарды да қылмыстық тізбекке тартып жатыр. Соның бірі – дропперлік. Дулат Нұрмұханбетовтың айтуынша, интернет арқылы адамдарды алдайтын қылмыскерлер заңсыз жолмен иеленген ақша қаражатын ешқашан өздерінің банк есепшоттарына аудартпайды. Олар түрлі тәсілмен бөтен адамдардың банк карталарын немесе жеке кәсіпкерлік (ИП) есепшоттарын пайдаланады. Ол үшін әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде немесе түрлі интернет платформаларда жұмыс ұсынып, «банк картаңды уақытша пайдаланамыз», «ақша өткізіп берсең, комиссия аласың», «есепшотыңды жалға бер» деген секілді ұсыныстар жасайды.
–​Алаяқтар өздерінің кім екенін жасыру үшін әртүрлі адамдардың банк есепшоттарын немесе жеке кәсіпкерлік есепшоттарын түрлі сылтаумен жалға алады. Кейбіріне бұл қызмет үшін сыйақы ұсынып, кейбірін жалған ақпаратпен сендіреді. Ал шын мәнінде ол есепшоттар қылмыстық жолмен келген ақшаны өткізуге пайдаланылады. Осылайша интернет-алаяқтықтан түскен қаражат бірнеше адамның есепшоты арқылы өткізілгеннен кейін ғана қолма-қол ақшаға айналдырылады немесе басқа есепшоттарға аударылады. Мұндай көпсатылы қаржы айналымы құқық қорғау органдарының қылмыскерлердің ізіне түсуін қиындатуды көздейді. Осындай тізбектегі басты буын – дроппер. Дроппер – алаяқтар ұрлаған немесе заңсыз жолмен иеленген ақша қаражатын өзінің банк картасы немесе электрондық әмияны арқылы қабылдап, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдыратын немесе басқа есепшоттарға аударып беретін делдал адам. Көп жағдайда дропперлер өздерінің заң бұзып жатқанын кеш түсінеді. Өйткені алаяқтар оларды «заңды жұмыс», «қаржы менеджері», «төлем операторы», «банк серіктесі» деген атаулармен қызықтырады. Ал кейбір азаматтар бірнеше минуттық әрекет үшін ұсынылған ақшаға қызығып, оның қандай салдарға әкелетінін ескермейді,-дейді ол.
Иә, мамандар дәл осы себепті кез келген банк картасын немесе есепшотты бөгде адамға пайдалануға бермеу қажеттігін ескертеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2025 жылғы 16 қыркүйекте енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында 232-1-бап қабылданды. Аталған бапқа сәйкес, дропперлік қызметпен айналысқан тұлғаларға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар мұндай қылмыс үшін жауапкершілік 16 жастан басталады. Бұл – мектеп оқушылары мен студенттер де жауапкершіліктен тыс қалмайды деген сөз. Егер жасөспірім өзінің банк картасын немесе есепшотын бөтен адамның пайдалануына беріп, сол арқылы қылмыстық жолмен келген ақша өткізілсе, ол заң алдында жауап беруі мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде таралатын «оңай табыс», «карта жалға аламыз», «ақша өткізіп беріңіз» деген хабарландыруларға сенбеу маңызды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT