Құтырған иттер мәселесі – бүгінгі қоғам үшін тек ветеринариялық емес, тікелей өмір қауіпсіздігіне қатысты күрделі түйткіл. Әсіресе балалар үшін бұл қауіп еселене түседі. Өйткені бала табиғатынан аңғал, жануарларға жақындауға бейім, ал қауіптің салдарын толық бағамдай алмайды.
Құтырма – адам мен жануарға ортақ аса қауіпті дерт. Бір ғана тістеу немесе сілекейдің жараға түсуі қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Мұндай кезде уақыт жоғалту – өмірге тікелей қауіп. Сондықтан әр ата-ана баласына көшедегі иттерге жақындамау, бейтаныс жануарды сипамау, агрессивті мінез байқалса дереу алыстау керектігін үнемі түсіндіріп отыруы тиіс.
Бұл мәселе тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қаңғыбас иттерді бақылау, вакцинациялау, тиісті қызметтердің жедел әрекеті – қауіптің алдын алудың негізгі тетіктері. Ал тұрғындардың бейжай қарамауы, күмәнді жағдайды дер кезінде хабарлауы – адам өмірін сақтап қалудың бір жолы.
Бала қауіпсіздігі – ұлт қауіпсіздігі. Сондықтан құтырған иттер мәселесіне жеңіл қарау – болашаққа жасалған қиянатпен тең.
Мәлімқожа ЖАҒЫПАРОВ,
ардагер мал дәіргері

