Ақордада өткен бұл тарихи сәт – тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басқанын айқындайтын маңызды белес. Мемлекет басшысының жаңа Конституцияға қол қоюы – ел дамуының бағыт-бағдарын жаңғыртып, қоғамның талап-тілегіне сай жаңару жолын таңдағанының айқын көрінісі.
Жаңа Ата заң – тек құқықтық құжат қана емес, ол халықтың еркі мен үмітін тоғыстырған ортақ келісімнің белгісі. Референдум арқылы қабылданған бұл шешім азаматтардың мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Сондықтан жаңа Конституцияны «Халық Конституциясы» деп атаудың өзінде үлкен мән жатыр.
Бұл құжат қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтып, билік тармақтарының теңгерімін күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жаңа серпін береді. Ең бастысы – ол мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттырып, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға жол ашады.
Конституция күнінің 15 наурызда ұлттық деңгейде атап өтілуі де – халық еркімен қабылданған тарихи шешімнің маңызын айқындайтын символдық қадам. Бұл күн енді ел бірлігі мен жаңғырудың, болашаққа деген сенімнің белгісі ретінде есте қалмақ.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық таңдау. Ол әділетті қоғам құруға ұмтылған халықтың ортақ мұратын айқындап, елдің ертеңіне деген сенімді нығайта түседі. Сондықтан бұл күн – мемлекеттігіміздің жаңа парағы ашылған, тарихта ерекше орын алатын тағылымды сәт.
Самат ҚАБДЕЛОВ,
Исатай ауданының Құрметті азаматы, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі

