«Халықтық құрылыс» – халық сенімі мен қоғамдық бақылаудың жаңа тетігі

 

Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы – елдің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі. Бағдарлама аясында бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құру көзделуі мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған.

Бұл бастаманың басты ерекшелігі – қоғамдық бақылауға кеңінен мүмкіндік берілуі. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, Құрылтай және мәслихат депутаттарының, Халық Кеңесі мүшелерінің, қоғам белсенділерінің, журналистер мен волонтерлердің тартылуы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға жол ашады.

Өйткені халық игілігіне бөлінген әрбір қаржының қайда және қалай жұмсалғаны қоғам үшін маңызды. Ал қоғамдық бақылаудың жүйелі жүргізілуі қаржының мақсатсыз пайдаланылуы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді.

Менің ойымша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының табысты жүзеге асуы тек бөлінген қаражат көлемімен емес, оның нақты нәтижесімен, халықтың күнделікті өміріне әкелген оң өзгерістерімен өлшенуі тиіс. Сондықтан комиссия жұмысының ашықтығы, тұрақты қоғамдық есептілік және азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру ерекше маңызға ие.

Қорыта айтқанда, «Халықтық құрылыс» – тек инфрақұрылым салу немесе нысандарды жаңғырту жобасы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сенім мен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған бастама. Мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана ел игілігіне арналған жобалардың тиімділігі артып, халықтың мемлекеттік бастамаларға деген сенімі нығая түседі.

 

Ерболат НАСИМУЛЛИН,

Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT