Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуының негізгі бағытын айқындайтын басты құжат. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға қызмет етеді. Конституцияда әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігі, әділдік қағидаттары және демократиялық құндылықтар айқын көрініс тапқан.
Жаңа мазмұндағы Конституция қоғамдағы әділдік пен теңдікті нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл құжат халық үніне құлақ асатын, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына, қоғамдық сенімді арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан реформалар халықтың мүддесін қорғауға, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Осы тұрғыда Конституция – елдің болашағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды құжат.
Әрбір азамат ел болашағына бейжай қарамай, мемлекет үшін маңызды шешімдерге белсенді қатысуы қажет. Азаматтық белсенділік – демократиялық қоғамның негізгі белгісі. Сондықтан баршаңызды алдағы референдумға қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Ел тағдырына қатысты мұндай тарихи сәтте бірлігімізді көрсетіп, мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін ортақ жауапкершілікті бірге атқарайық.
Ерлан МАХСОТОВ,
Жанбай ауылдық округінің әкімі

