Конституциялық реформа – ел дамуының жаңа кезеңі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды өзгерістердің мәні мен маңызы кеңінен айтылды. Президент сөзінің негізгі өзегі – конституциялық реформаның қоғам талқысынан өтіп, жаңа саяси жүйенің қалыптасуына негіз болғаны.

Бір палаталы Парламент құру туралы бастаманың қоғамда кеңінен талқылануы азаматтардың мемлекеттік мәселелерге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Мыңдаған ұсыныстар мен пікірлердің айтылуы реформаның қоғамдық талқылаумен қатар жүргенін аңғартады. Осы үдерістің нәтижесінде 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. 

Жаңа Конституцияның қабылдануы – елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Оның негізінде мемлекеттік басқару институттарын қайта ұйымдастыру, билік тармақтарының өзара іс-қимылын жетілдіру және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту міндеттері тұр. Жаңа конституциялық жүйеде қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы да осы өзгерістердің бірі болып табылады. 

Меніңше, бұл реформалардың нәтижесін бағалауда қабылданған құжаттың мазмұнымен қатар, оның нақты өмірде жүзеге асуына назар аудару маңызды. Конституцияда бекітілген қағидаттар заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың тиімділігі және қоғам мен билік арасындағы диалог арқылы көрініс табуы тиіс.

Осы тұрғыдан Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да маңызды. Ол қоғамдық кеңестер, сарапшылар, азаматтық қоғам және басқа да өкілдерді біріктіретін жоғары консультативтік орган ретінде қарастырылған. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру құқығының берілуі қоғам пікірінің мемлекеттік шешімдерге жеткізілуіне қосымша мүмкіндік қалыптастырады. 

Жалпы, Президент сөзінде айтылған бастамалар Қазақстанның саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңді сипаттайды. Ал реформалардың шынайы нәтижесі олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді орындалатынына байланысты болады. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау – өзгерістердің аяқталуы емес, елдің алдағы дамуына бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың басталуы деп қарастырған жөн.

 

Ерболат НАСИМУЛЛИН,

Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT