Бүгін Қазақстанның саяси тарихында жаңа кезең басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өз жұмысын бастады. Бұл – күнтізбедегі кезекті жиын ғана емес, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған тарихи қадам.
Президент өз сөзінде Құрылтайдың ресми түрде жұмысқа кірісуін «ұлт жылнамасының жаңа парағын ашатын» маңызды оқиға ретінде бағалады. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Себебі Құрылтай – ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, ортақ шешімге келетін жаңа саяси институт ретінде қалыптасып отыр.
Құрылтай атауының өзі халқымыздың тарихи жадында ерекше орын алады. Қазақ даласында елдің ертеңіне қатысты маңызды мәселелер бас қосып, ақылдаса отырып шешілген. Енді сол тарихи ұғым қазіргі заман талабына сай жаңаша мазмұнмен қайта жаңғырып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтайдың басты міндеттерінің бірі – ұлттық заңнаманың сапасын арттырып, еліміздің құқықтық негізін одан әрі нығайту. Демек, жаңа институттың жұмысы қабылданатын шешімдердің мазмұнына ғана емес, олардың қоғам өміріне нақты әсер етуіне байланысты болмақ.
Бірінші шақырылым депутаттарына жүктелген жауапкершілік те осында. Олар – жаңа саяси кезеңнің алғашқы өкілдері. Сондықтан бүгінгі сессия Құрылтай жұмысының басталғанын ғана емес, ел алдындағы үлкен міндеттің қолға алынғанын білдіреді.
«Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – үлкен бақыт» деген Президент сөзі – сонымен қатар зор жауапкершілікті де меңзейді. Өйткені тарихи кезеңде қабылданған әрбір шешім уақыт өте келе ел тарихының бір бөлігіне айналады.
Ендеше, бүгінгі Құрылтайдың алғашқы сессиясы – жаңарған саяси жүйенің алғашқы қадамы. Ал оның нәтижесі ел сенімін ақтайтын нақты іспен өлшенері сөзсіз.
Назым ИДРИСОВА,
аудандық ауруханасы директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары,
денсаулық сақтау магистрі,
Исатай аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі



