Қазіргі қоғамда кең таралған қауіпті мәселелердің бірі – лудомания. Лудомания – құмар ойындарға тәуелділік. Бұл дертке шалдыққан адам ойын ойнауды тоқтата алмайды және бар уақытын, ақшасын соған жұмсайды. Бүгінде бұл мәселе тек ересектер арасында ғана емес, жастар арасында да көбейіп келеді.
Құмар ойын алғашында адамға жай ғана ойын немесе уақыт өткізу сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ол тәуелділікке айналады. Адам жеңіл ақша табамын деп ойлап, бар қаржысынан айырылып жатады. Кейбіреулер несие алып, қарызға батып, отбасылық қиындықтарға тап болады. Тіпті лудомания адамның психологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Ол күйзеліске түсіп, ашушаң болып, қоғамнан алыстай бастайды.
Менің ойымша, лудоманияның таралуына интернеттің дамуы да әсер етуде. Қазір телефон арқылы онлайн казино мен букмекерлік сайттарға оңай кіруге болады. Жарнамалардың көп болуы да адамдарды қызықтырады. Әсіресе жастар тез ақша табуға сеніп, осындай ойындарға тәуелді болып қалады.
Лудомания тек жеке адамның мәселесі емес, ол – бүкіл қоғамға қауіпті дерт. Себебі құмар ойын отбасының берекесін кетіріп, адамдардың болашағына зиян тигізеді. Кей жағдайда адамдар ақша табу үшін заңсыз әрекеттерге де баруы мүмкін.
Сондықтан бұл мәселенің алдын алу өте маңызды. Біріншіден, жастарға құмар ойынның зияны туралы көбірек түсіндіру қажет. Екіншіден, ата-аналар балалардың интернетте не қарап жүргеніне назар аударуы тиіс. Үшіншіден, мемлекет тарапынан заңды күшейтіп, зиянды жарнамаларды азайту маңызды деп ойлаймын.
Қорытындылай келе, лудомания – адам өмірін құрдымға апаратын қауіпті тәуелділік. Әр адам уақытын пайдалы іске жұмсап, білімге, еңбекке және спортқа көңіл бөлуі керек. Саналы қоғам ғана мұндай зиянды әдеттерден арыла алады.


