Лудомания — қазіргі қоғамдағы ең қауіпті тәуелділіктердің бірі. Бұрын құмар ойын тек казино мен ойын автоматтарымен байланысты болса, қазір ол әр адамның телефонында жүр. Онлайн-букмекерлер мен казино платформаларының көбеюі әсіресе жастарға қатты әсер етуде. Көп адам бастапқыда жай қызығушылықпен немесе тез ақша табу мақсатында ойнайды. Бірақ уақыт өте келе бұл әдет психологиялық тәуелділікке айналып, адам өз өмірін бақылаудан шығарып алады.
Лудоманияның ең ауыр салдарының бірі — адамның қаржылық және моральдық күйреуі. Тәуелді адам ұтылған ақшасын қайтаруға тырысып, қайта-қайта ойынға кіреді. Соның салдарынан қарыз көбейіп, отбасы бұзылады, психологиялық қысым артады. Кей жағдайда бұл депрессия мен ауыр күйзеліске әкеледі. Өкінішке қарай, қоғам мұндай адамдарды жиі айыптайды, бірақ лудомания — жай еріксіздік емес, кәсіби көмек қажет ететін тәуелділік.
Менің ойымша, бұл мәселеге мемлекет те, қоғам да бейжай қарамауы керек. Құмар ойын жарнамасын шектеу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және психологиялық көмек көрсету өте маңызды. Адамдарға оңай ақша деген ұғымның артында үлкен қауіп тұрғанын түсіндіру қажет. Себебі лудомания тек ақшаны емес, адамның болашағын да құртады.
Есет ҚАЖЫМҰҚАНҰЛЫ

