Ел тарихында айрықша мәнге ие кезеңдердің бірі – жаңа Конституцияның қабылдануы. Мемлекет басшысының Ата заңға қол қоюы Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланады. Бұл – тек заңнамалық өзгеріс емес, халықтың еркі мен елдің болашағына деген ортақ сенімін білдіретін тарихи шешім.
Жаңа Конституцияның «Халық Конституциясы» деп аталуының өзі оның мән-маңызын айқын көрсетеді. Өйткені бұл құжат референдум арқылы қабылданып, халықтың тікелей қолдауына ие болды. Демек, Ата заңдағы өзгерістер қоғамның сұранысы мен уақыт талабынан туындаған шешім екені анық. Бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды одан әрі нығайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысының Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қоюы – жаңа нормалардың өмірде нақты жүзеге асуына жол ашатын маңызды бастама. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің құқықтық кеңістігінде жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Сонымен қатар Конституция күнін жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде атап өту туралы шешім де ерекше мәнге ие. Бұл күн енді ел тарихындағы маңызды белес ретінде халық жадында сақталып, мемлекетіміздің бірлігі мен жаңғыруының символына айналмақ.
Самат ЕСЕНОВ,
Исатай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы

