Бүгін елордада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығарушы биліктің өткен жолына тоқталып, оның Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы айрықша орнына назар аударды. Президенттің айтуынша, кәсіби Парламенттің қызметі қабылданған заңдардың санымен ғана емес, мемлекет тағдырына ықпал еткен шешімдердің сапасымен өлшенеді.
Отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған кәсіби Парламент тәуелсіз Қазақстанның ең күрделі кезеңінде жұмысын бастады. Ол кезде ел үшін дайын үлгі де, қалыптасқан тәжірибе де болған жоқ. Сондықтан әрбір қабылданған заң жаңа мемлекеттің құқықтық негізін қалап, болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құжатқа айналды.
Президент атап өткендей, осы жылдар ішінде үш жарым мыңға жуық заң қабылданды. Бірақ бұл көрсеткіштің мәні санында емес, оның мазмұнында. Өйткені сол заңдардың әрқайсысы экономиканың орнығуына, мемлекеттік институттардың қалыптасуына, әлеуметтік саясаттың дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғауға және ұлттық мүддені қамтамасыз етуге қызмет етті. Заң шығару қызметі уақыт талабына қарай үздіксіз жетіліп, қоғамдағы өзгерістермен бірге жаңарып отырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің қоғам сұранысына жедел жауап бере алған құрылым болғаны туралы пікірі заң шығарушы органның тағы бір маңызды ерекшелігін айқындайды. Заманауи мемлекет үшін заңдардың өміршеңдігі олардың қоғамдағы нақты мәселелерді шешу қабілетімен бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, Парламент қабылдаған шешімдер елдің тұрақтылығын сақтауға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталды.
Президент заң шығару ісінің бастауында тұрған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбегіне ерекше тоқталды. Бұл – тұлғаларға берілген баға ғана емес, мемлекеттік институттардың сабақтастығына деген құрметтің көрінісі. Себебі әрбір шақырылым алдыңғы буын қалыптастырған тәжірибені жалғастырып, оны жаңа талаптарға бейімдей білді.
Бүгінгі тарихи кезеңде Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшіп отыр. Алайда қандай өзгеріс болмасын, оның берік іргетасы құқықтық жүйеге сүйенеді. Сондықтан Президенттің Парламенттің өткен жолына жасаған шолуы – атқарылған іске берілген баға ғана емес, алдағы кезеңге қалдырылған маңызды саяси әрі құқықтық мұраның мәнін айқындаған тұжырым деуге болады.
Назым ИДРИСОВА,
Исатай аудандық ауруханасы директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары,
денсаулық сақтау магистрі



