Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяда білім алып, еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесуі – шетелде жүрген отандастарымызбен байланысты нығайту тұрғысынан маңызды басқосу болды. Кездесу барысында Президент қазақстандықтардың оқуындағы және кәсіби қызметіндегі жетістіктеріне назар аударып, олардың алға қойған мақсаттары мен жоспарларына қызығушылық танытты.
Бүгінде әлемнің әр түкпірінде білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүрген қазақстандық жастар елдің оң имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Кореяда жүрген отандастарымыздың ғылым, білім, технология және басқа да салаларда тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан дамуы – еліміздің адами капиталы үшін маңызды. Олардың халықаралық ортада білім алып, жаңа мүмкіндіктерді игеруі болашақта Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға да ықпал етеді.
Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы сөз қозғалуы да ерекше мәнге ие. Мұндай ашық пікір алмасулар шетелдегі азаматтардың елдегі өзгерістерден хабардар болуына және өз ой-пікірлерін еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.
Ең бастысы, Мемлекет басшысының шетелде жүрген қазақстандықтармен жүздесуі – олардың ел үшін маңызды екенін көрсететін игі бастама. Қай елде жүрсе де, әрбір отандасымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Сондықтан Кореяда білім алып, еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың ізденісіне, кәсіби дамуына және жаңа белестерді бағындыруына қолдау білдіру маңызды.
Осындай кездесулер жастарға үлкен жауапкершілік жүктеп, ел болашағына деген сенімін арттыра түсетіні сөзсіз. Білім мен тәжірибе жинап жүрген қазақстандықтардың алған білімі мен кәсіби тәжірибесін ел игілігіне жұмсауы – ортақ мақсат. Кореядағы барша отандастарымызға зор денсаулық, оқуда және еңбекте табыс, алға қойған мақсаттарының орындалуына сәттілік тілейміз!
Е.НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы


