Тұрмыстық жанжал – сырт көзге отбасының жеке мәселесі болып көрінгенімен, оның салдары бүкіл қоғамға әсер етуі мүмкін. Отбасындағы түсініспеушілік, ашу мен агрессия кей жағдайда зорлық-зомбылыққа әкеледі. Сондықтан кез келген мәселені күш қолдану арқылы емес, сабырлы сөйлесу және өзара түсіністік арқылы шешу қажет.
Отбасы – адамның мінезі мен мәдениеті қалыптасатын алғашқы орта. Үйде сыйластық пен мейірім болса, бала да өзгеге құрметпен қарауды үйренеді. Тұрмыстық жанжалдың алдын алу үшін отбасыларға психологиялық және құқықтық қолдаудың қолжетімді болуы, ал зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетінің қалыптасуы маңызды. Меніңше, «Таза Қазақстан» – тек таза көше мен табиғат емес, сонымен бірге зорлық-зомбылықтан ада, татулық пен сыйластық орнаған таза қоғамдық орта. Тыныш отбасы – тыныш қоғамның негізі.
А.МҰРАТБАЙҚЫЗЫ


