Заң мен тәртіп — мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ құндылығы. Қоғамда тәртіп болған жерде адамдардың өзара сенімі артып, күнделікті өмір де қауіпсіз әрі тұрақты болады. Заңның басты мақсаты тек құқық бұзған адамды жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау деп түсінемін. Сондықтан заң талаптарын халыққа түсінікті түрде жеткізу маңызды.
Әр азамат өз әрекетінің басқа адамдарға әсерін ойлауы керек. Бір адамның жауапсыздығы кейде тұтас қоғамға зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, қоғамдық мүлікті бүлдіру, жалған ақпарат тарату немесе басқа адамның құқығын елемеу — тәртіптің әлсіреуіне әсер ететін әрекеттер. Ал заңды құрметтеу, әділдікке ұмтылу және өзгенің құқығын сыйлау қоғамды нығайтады. Меніңше, нағыз тәртіп адамдардың қорқынышынан емес, заңның әділ екеніне және оны сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екеніне деген түсініктен қалыптасады.
Д.ТАЛАПҰЛЫ


