«Саналы ұрпақ – қауіпсіз қоғам» атты ата-аналар конференциясы өтті. Аталған жиынға ата-аналар қауымы, мектеп директорлары, педагогтар және сала мамандары қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу болды. Бұл бағыттардың барлығы тікелей заң мен тәртіп қағидаттарымен үндесіп, құқықтық сауатты қоғам қалыптастыруға негіз қалайды.
Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы білім беру басқармасының Исатай ауданы Білім бөлімі басшысы Курмангалиева Гулайна Махмудаевна сөз сөйлеп, өскелең ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бала тәрбиесінде заң талаптарын сақтау мен тәртіпке баулудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Конференция барысында арнайы шақырылған Прокуратура, Полиция, Емхана, Отбасыны қолдау орталығы, Төтенше жағдай бөлімі, Ішкі саясат бөлімі және Теолог маман өкілдері ата-аналармен ашық пікір алмасты. Мамандар өз салалары бойынша заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын ұсынды.
Жиынның мазмұнды бөлігі ретінде LED экран арқылы әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді. Алғашқы бейнеролик отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне арналды. Осы тақырып аясында заң талаптары мен бала құқығын қорғау бағытында Прокуратура өкілі Қырықбаева Ажар Артурқызы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зорлық-зомбылықтың заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін атап өтті.
Келесі бейнеролик жалған чек жасау, интернет алаяқтық және қаржылық сауаттылық мәселелерін қамтыды. Құқық қорғау органдары өкілдері Бағытоа Руслан Бағытұлы заң бұзушылықтың салдары туралы айтып, ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне бақылау жасау қажеттігін ескертті. Бұл – цифрлық кеңістіктегі тәртіпті сақтаудың маңызды бөлігі екені айтылды.
Сонымен қатар вакцинаға қарсылық тақырыбы қозғалып, Емхана мамандары Балмурзина Гүлнұр Бекжановна және Кайрденова Сәуле Мұратовна екпенің маңыздылығы жөнінде түсіндірсе, Теолог маман Олжабай Нұрлан Батырбекұлы діни тұрғыдан ақпарат берді. Бұл бағытта да заң талаптары мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері қатар қарастырылды.
Төтенше жағдай бөлімі мамандары бала қауіпсіздігі басты назарда екенін ескертіп, қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр азаматтың міндеті екенін түсіндіріп, жадынамалар таратты.
Конференция еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңына ұласып, ата-аналар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Бұл өз кезегінде қоғам мен отбасы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, заң мен тәртіпке деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етті.
Шараның екінші бөлімі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Осындай мазмұнды кездесулер – бала тәрбиесіндегі өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам. Себебі заңды құрметтеп, тәртіпті сақтайтын саналы ұрпақ тәрбиеленген жерде ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады.

