Табиғатқа қалдырған ізіміз қандай?

ашық дереккөзден

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы – еліміздің тазалығын сақтауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Алайда оның мағынасын тек сенбілік өткізу немесе көшені қоқыстан тазалаумен шектеуге болмайды. Бұл бастама әр адамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін үлкен қоғамдық мәдениетті қалыптастыруы тиіс.

Менің ойымша, тазалық – адамның қоғамдағы тәрбиесі мен мәдениетінің көрінісі. Адам өзінен кейін қоқыс қалдырмаса, табиғатты бүлдірмесе, қоғамдық орындарға ұқыпты қараса, ол тек айналасын емес, өз ортасының болашағын да ойлағаны. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру балалық шақтан басталуы қажет. Баланың табиғатты аялауды үйренуі – ертеңгі қоғамның саналы азаматын тәрбиелеудің бір жолы.

«Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстардың тағы бір маңызды қыры – адамдарды ортақ іске біріктіруі. Аула тазалау, ағаш отырғызу, өзен-көлдердің жағасын ретке келтіру сияқты жұмыстар адамдарға туған жеріне деген жанашырлықты сезіндіреді. Осындай қарапайым істер арқылы азамат пен қоғам арасындағы байланыс та нығая түседі.

Бүгін біз қоршаған ортаға қандай қарым-қатынас жасасақ, ертеңгі ұрпақ та сондай ортаны қабылдайды. Сондықтан табиғатты қорғау – белгілі бір мекеменің ғана міндеті емес, баршамызға ортақ жауапкершілік. Тазалықты талап етуден бұрын, оны өзімізден бастауымыз керек.

Мен «Таза Қазақстан» идеясын бір күндік тазалық шарасы емес, адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық деп санаймын. Табиғатқа ұқыпты қарау – елге деген құрметтің бір көрінісі. Қазақстанның болашағы таза әрі көрікті болуы әрқайсымыздың бүгінгі таңдаған әрекетімізге байланысты.

 

Ж.АХМЕТЖАНОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT