Табиғатқа жасалған жақсылық — болашаққа қалдырылған аманат

сурет ғаламтордан

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасын мен табиғат пен адам арасындағы байланысты жаңаша түсіндіретін маңызды қоғамдық бастама деп қабылдаймын. Адам табиғаттан бөлек өмір сүре алмайды. Біз ішетін суымызды, тыныстайтын ауамызды, пайдаланатын жерімізді табиғаттан аламыз. Сондықтан табиғатты қорғау — өз өмірімізді және келешегімізді қорғау деген сөз.

Бүгінде экологиялық мәселелердің маңызы артып келеді. Қоршаған ортаның ластануы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, жасыл желектің азаюы — барлығы адам әрекетімен тікелей байланысты. Осындай жағдайда «Таза Қазақстан» сияқты бастамалардың қоғамға берер тәрбиелік мәні ерекше. Ол адамдарға табиғатқа немқұрайлы қарамауды, туған жерге жанашыр болуды үйретеді.

Әсіресе жастардың бұл іске белсенді араласуы маңызды деп ойлаймын. Себебі бүгінгі жас — ертеңгі елдің иесі. Егер жас ұрпақ бала кезінен қоршаған ортаны қорғауды үйренсе, болашақта экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптасады. Ағаш отырғызу, өзен-көлдерді ластамау, қоқысты сұрыптау, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау сияқты қарапайым әрекеттер үлкен нәтижеге жеткізеді.

Мен үшін «Таза Қазақстан» ұғымының мәні тек тазалықпен шектелмейді. Оның астарында тәртіп, жауапкершілік, мәдениет, отансүйгіштік және ұрпақ алдындағы парыз жатыр. Өз елінің табиғатын қорғаған адам туған жерін шын мәнінде құрметтейді деп ойлаймын.

Біз табиғатты ата-бабамыздан мұраға алғанымызбен, оны тек пайдаланып қана қоймай, келесі ұрпаққа таза күйінде жеткізуге міндеттіміз. Сондықтан әрбір отырғызылған ағаш, тазартылған аумақ, жиналған қоқыс — болашаққа қалдырылған игі аманат. Таза табиғат — дені сау ұрпақтың, жайлы өмірдің және жарқын болашақтың негізі.

 

Ж.СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT