Менің ойымша, елдің даму деңгейін тек биік ғимараттарымен, жаңа жолдарымен немесе экономикалық көрсеткіштерімен бағалау жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы мәдениетін оның азаматтарының қоғамдық ортаға деген қарым-қатынасынан да көруге болады. Көшеге қоқыс тастамау, саябақты бүлдірмеу, табиғатты қорғау, суды ысырап етпеу – қарапайым әрекеттер болғанымен, олар қоғамның мәдени деңгейін көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» – экологиядан әлдеқайда кең ұғым. Бұл – азаматтық мәдениетті қалыптастыру жобасы.
Тұжырымдамада экологиялық мәдениетті дамыту үшін халықтың экологиялық ойлауын қалыптастыру, жауапты мінез-құлықты ынталандыру, экологиялық білім беру және ақпараттандыру бағыттары белгіленген. Демек, басты мақсат тек қоқысты жинау емес, қоқыстың қайтадан шашылмауына себеп болатын сананы қалыптастыру.
Мен үшін ерекше маңызды мәселе – тазалық пен патриотизмнің байланысы. Патриотизмді тек Отанды сөзбен сүю деп түсінуге болмайды. Туған жерге деген сүйіспеншілік оның табиғатына қамқорлық жасаудан басталады. Өз ауылының көшесін таза ұстаған адам да, туған өлкесінің өзенін қорғаған адам да, бір тал еккен азамат та елінің дамуына үлес қосады.
Біз кейде үлкен өзгерісті тек ауқымды жобалардан күтеміз. Алайда қоғамды өзгертетін қарапайым әрекеттердің күші де өте үлкен. Бір адам қоқыс тастамайды. Оны көрген екінші адам да сол әрекетті қайталайды. Кейін бұл әдет отбасыға, мектепке, жұмыс орнына, бүкіл ортаға тарайды. Осылайша жеке адамның әрекеті қоғамдық мәдениетке айналады.
«Таза Қазақстан» аясында миллиондаған адамның экологиялық шараларға қатысуы осының қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді. Ресми мәліметтерде бастама басталғалы 10,4 миллионнан астам адамның экологиялық акцияларға қатысқаны айтылған. Бұл – тазалық мәселесінің жеке адамның емес, бүкіл қоғамның ортақ құндылығына айналып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.
Меніңше, болашақтағы мықты Қазақстан – табиғи ресурстары көп ел ғана емес, сол ресурстарды бағалай білетін, қоршаған ортасын қорғайтын, қоғамдық кеңістігін құрметтейтін саналы азаматтары бар мемлекет.
Сондықтан «Таза Қазақстанның» ең үлкен нәтижесі – қанша тонна қоқыстың жиналғаны емес. Ең үлкен нәтиже – бір күні адамдардың «мұны кім тазалайды?» деп емес, «мұны неге ластауға болмайды?» деп ойлай бастауы.
Таза елді тазалық қызметі ғана емес, таза ойлайтын азаматтар қалыптастырады. Ал экологиялық мәдениеті жоғары азамат – елдің ең құнды капиталы.
Ж.БИСЕНБІҚЫЗЫ



