«Таза Қазақстан» идеясын қалалардың сыртқы көрінісімен ғана шектемеу керек. Тазалық пен абаттандыру адамның күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Таза көшелер, күтімі жақсы саябақтар, көгалдандырылған аулалар, реттелген қоғамдық орындар тұрғындардың қалаға деген көзқарасын өзгертеді. Адам өзін қауіпсіз әрі жайлы ортада сезінгенде, қоғамдық кеңістікті де сақтауға бейім болады.
Қазіргі қала үшін көгалдандырудың маңызы ерекше. Бірнеше ағаш отырғызумен мәселе шешілмейді. Оларды кейін суару, күтіп-баптау, қоршаған ортаның ерекшелігіне сай өсімдіктерді таңдау қажет. Сонымен қатар демалыс орындарын көбейту, жаяу жүргіншілерге қолайлы кеңістіктер жасау, қоқыс жәшіктерін жеткілікті орналастыру сияқты инфрақұрылымдық шешімдер де тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Таза орта адамның психологиялық жайлылығына да әсер ететінін күнделікті өмірден байқауға болады. Қоқыссыз аула, жасыл желекке толы көше, таза саябақ – тұрғындардың бос уақытын өз қаласында өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе балалар мен жастар үшін маңызды. Сондықтан «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстарды қаланы көркейту ғана емес, адамның өмір сүру ортасын жақсарту деп қабылдаған жөн.
Г.ТУЛЕГЕНОВА


