Таза Қазақстан – біздің өмір салтымыз

ашық дереккөзден

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: – Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» туралы айтқан пікірі – қоғамға берілген маңызды үндеу. Бұл сөздер тек тазалық сақтау туралы ғана емес, әр адамның өз еліне, туған жеріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Президенттің «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек» деуі өте орынды. Себебі қоршаған ортаның таза болуы – ең алдымен адамның өз мәдениетіне байланысты.

Бүгінгі таңда экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Қоқыстың көбеюі, табиғаттың ластануы, ауа мен судың бүлінуі адам денсаулығына да үлкен зиян келтіруде. Осындай кезеңде «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы ерекше. Бұл – тек сенбілік өткізу немесе бір күн көшені тазалау емес. Президент айтқандай, ол – өмір салтына айналуы тиіс үлкен мәдениет.

Маған әсіресе «Жас келсе – іске» деген сөздің қолданылуы ұнады. Өйткені жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі жастар табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді. Ағаш отырғызу, аула тазалау, өзен-көлдерді қорғау сияқты жұмыстарға еріктілердің қатысуы – соның дәлелі. Бұл еліміздің болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар Президенттің «ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деген сөзі халықтың бірлігін білдіреді. Тазалықты сақтау – тек мемлекет немесе арнайы қызметтердің міндеті емес. Әр адам өз үйінің, өз ауласының, өз қаласының тазалығына жауапты болуы керек. Егер әр азамат қарапайым ережелерді сақтап, табиғатты аяласа, еліміз де көркейіп, өмір сүруге қолайлы бола түседі.

Таза орта – дені сау ұлттың кепілі. Сондықтан табиғатты қорғау, көшені таза ұстау, қоқысты бейберекет тастамау – әр азаматтың парызы. «Таза Қазақстан» идеясы халықтың санасына сіңіп, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы қажет деп ойлаймын.

Қорытындылай келе, Президенттің бұл сөзі әр адамға ой салуы тиіс. Тазалық – мәдениеттің, тәрбиенің және отансүйгіштіктің белгісі. Еліміздің болашағы таза әрі көркем болуы үшін бәріміз бірге әрекет етуіміз қажет.

 

Ақтоты БАЙМУЛДИНА,

Исатай аудандық Мансап бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT