«Таза Қазақстан» – ел болашағына бастар жалпыұлттық тұжырымдама

ашық дереккөзден

 

«Таза Қазақстан» – бұл тек қоршаған ортаны тазалау науқаны ғана емес, ол – қоғамның мәдениетін, жауапкершілігін және елге деген жанашырлығын қалыптастыратын маңызды жалпыұлттық тұжырымдама. Қазіргі таңда экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатып отырған уақытта, Қазақстан үшін табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Сондықтан «Таза Қазақстан» идеясы әрбір азаматтың санасына экологиялық мәдениетті сіңіруге бағытталған маңызды бастама деп есептеймін.

Еліміздің табиғаты өте бай. Кең байтақ даламыз, өзен-көлдеріміз, орман-тоғайларымыз – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Алайда соңғы жылдары қоршаған ортаның ластануы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, ауа мен судың ластануы сияқты мәселелер көбейіп келеді. Мұндай проблемалар адам денсаулығына ғана емес, болашақ ұрпақтың өміріне де үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызы күн сайын артып отыр.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – халықты тазалыққа, табиғатты аялауға және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелеу. Тазалық әр адамның өз үйінен, өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Егер әр азамат өз айналасын таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қараса, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсарар еді. Сондықтан бұл тек мемлекеттік деңгейдегі жоба емес, бүкіл халық болып атсалысатын ортақ іс.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жастар тәрбиесінде де ерекше рөл атқарады. Жас ұрпақ табиғатты қорғаудың маңызын ерте түсінсе, болашақта экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптасады. Мектептерде сенбіліктер өткізу, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптау секілді шаралар оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырады. Мұндай әрекеттер арқылы жастар елін құрметтеуді және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйренеді.

Менің ойымша, таза ел – өркениетті елдің белгісі. Көшелері таза, табиғаты көркем мемлекетке әрқашан құрмет жоғары болады. Сондықтан әрбір азамат «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын қолдап, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы керек. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, болашақтың қамы.

«Таза Қазақстан» – экологияны жақсартуға бағытталған маңызды бастама ғана емес, ол – ұлттық мәдениет пен сананы жаңғыртатын құндылық. Табиғатты таза сақтау – әр адамның азаматтық борышы. Еліміздің көркейіп, болашағы жарқын болуы үшін бәріміз тазалықты сақтауға атсалысуымыз қажет.

 

Римма МУСАҒАЛИЕВА,

"Аманат" партиясының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT