Менің ойымша, «Таза Қазақстан» ұғымын тек экологиялық жоба ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл бастама қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырумен тікелей байланысты. Себебі тазалық – адамның қоршаған ортаға, қоғамға және өз еліне деген көзқарасының көрінісі. Мемлекеттік деңгейдегі құжаттарда да «Таза Қазақстан» азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда жаңа этика қалыптастыратын қағидат ретінде сипатталады.
Қоғамдық орынның тазалығы әр адамның жеке мәдениетінен басталады. Бір адам көшеге қоқыс тастамаса, екінші адам қоғамдық мүлікті бүлдірмесе, үшінші адам ағашты сындырмаса, осындай қарапайым әрекеттер біртіндеп үлкен қоғамдық мәдениетке айналады. Сондықтан қоғамның тазалығын тек әкімдікке немесе коммуналдық қызметтерге жүктеу дұрыс емес. Мемлекет жағдай жасауға міндетті болса, азаматтар сол ортаны таза әрі ұқыпты пайдалануға жауапты.
Бұл жерде қоғамдық жауапкершілік ұғымының маңызы зор. Мысалы, адам өз үйін таза ұстап, бірақ подъезге немесе көшеге немқұрайлы қараса, бұл толыққанды мәдениеттің белгісі емес. Өйткені қоғамдық кеңістік – барлығына ортақ. Аула, саябақ, мектеп, көше және басқа да орындар қоғамның ортақ меншігі сияқты қабылдануы керек. Оларды сақтау әр азаматтың міндеті болғанда ғана қалалар мен ауылдарымыз көркейе түседі.
«Таза Қазақстан» сонымен бірге ұлттық санамен тығыз байланысты. Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүріп, қоршаған ортаға құрметпен қараған. Халқымыздың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақылы табиғатты қорғау мен кейінгі ұрпаққа қамқорлық жасау идеясын білдіреді. Мемлекет басшысы да тазалық ұғымының қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында кең мағынаға ие екенін атап өткен. Сондықтан қазіргі экологиялық мәдениет ұлттық құндылықтармен сабақтасып жатыр.
Меніңше, «Таза Қазақстанның» нәтижесін тек жиналған қоқыстың көлемімен немесе өткізілген сенбіліктердің санымен бағалауға болмайды. Оның шынайы нәтижесі адамның ойлау жүйесі өзгерген кезде байқалады. Егер азамат «мұны тазалайтын біреу бар» деген көзқарастан арылып, «бұл – менің елім, менің қалам, сондықтан оның тазалығына мен де жауаптымын» деген түсінікке келсе, онда тұжырымдаманың негізгі мақсаты орындалды деуге болады.
Қорытындысында айтарым, таза мемлекет құру үшін алдымен таза қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Тазалық – тәртіпке, тәртіп – жауапкершілікке, ал жауапкершілік – елдің дамуына әкеледі. Сондықтан «Таза Қазақстан» әр азаматтың күнделікті өмірінде көрініс табатын ұлттық мәдениетке айналуы тиіс. Бұл – қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігі.
Б.МЕРЕКЕҚЫЗЫ


