Қазіргі Қазақстанның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Елдің өркениеттілігі оның азаматтарының мәдениетінен, қоғамдық жауапкершілігінен және туған жерге деген көзқарасынан да көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы — қоғамды ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды бастамалардың бірі.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытумен қатар, қалалар мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қоршаған ортаны жақсарту және азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруды көздейді. Сондықтан оның мазмұны бір ғана саламен шектелмейді. Бұл — қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс.
Менің ойымша, бұл бастаманың ең үлкен күші — адамдарды біріктіре алуында. Бір аулада тұратын тұрғындар, жастар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдар бір мақсат үшін бірге әрекет еткен кезде қоғамда өзара жауапкершілік пайда болады. Адам өзінің жалғыз емес екенін, айналасында да туған жерінің болашағына алаңдайтын азаматтар бар екенін сезінеді.
Ресми тұжырымдамада «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық акцияларға миллиондаған адамның қатысқаны көрсетілген. Сонымен қатар бастаманың тұрақты негізде жалғасуы және экологиялық еріктілікті дамыту көзделген. Бұл — қоғамның экологиялық мәселелерге деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанының белгісі.
Алайда кез келген бастаманың нәтижесі оны халықтың қаншалықты саналы түрде қабылдауына байланысты. Егер «Таза Қазақстан» тек сенбілік кезінде ғана еске түсетін ұғым болса, оның мақсаты толық орындалмайды. Ал егер адам күн сайын өз ауласын, көшесін, мектебін, жұмыс орнын таза ұстауға үлес қосса, бұл бастама шынайы қоғамдық мәдениетке айналады.
Мұнда тәртіп пен тазалықтың байланысын да ерекше атап өткен жөн. Таза орта — тәртіпті қоғамның көрінісі. Қоқысты кез келген жерге тастау, қоғамдық мүлікті бүлдіру, ағаштарды сындыру немесе табиғи нысандарға зиян келтіру — тек экологиялық емес, мәдени мәселе. Сондықтан «Таза Қазақстан» арқылы тазалықпен бірге жауапкершілік, ұқыптылық және қоғамдық тәртіп құндылықтары да қалыптасады.
Бүгінде «Таза Қазақстан» қағидаты Қазақстанның ішкі саясатының негізгі құндылықтары мен бағыттарының қатарына енгізіліп, тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау және табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас бөлігі ретінде айқындалған.
Меніңше, бұл — өте маңызды ұстаным. Себебі мемлекет таза болсын десек, ең алдымен азаматтың санасы өзгеруі керек. Азамат санасы өзгерсе — оның әрекеті өзгереді. Әрекет өзгерсе — қоғам өзгереді. Ал қоғам өзгерсе — елдің болашағы өзгереді.
Сондықтан «Таза Қазақстан» — жай ғана тазалық акциясы емес. Ол — жауапты азамат қалыптастыруға, туған жерге деген құрметті арттыруға және қоғамның ортақ іске жұмылуына бағытталған ұлттық идеялардың бірі. Таза Қазақстанды біз бір күнде емес, күн сайын бірге қалыптастырамыз.
А.ЗАЙДОЛЛАҚЫЗЫ


