«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы – қоршаған ортаны тазартумен ғана шектелмейтін, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Менің ойымша, елдің тазалығы ең алдымен әр адамның өзінен басталады. Көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғатқа зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді.
Тазалыққа жауапкершілікпен қараған адам айналасына да құрметпен қарайды. Өз ауласын таза ұстайтын, ортақ мүлікке ұқыпты қарайтын азамат қоғамдық тәртіптің қалыптасуына өз үлесін қосады. Сондықтан «Таза Қазақстан» ұғымын тек сенбілікпен немесе белгілі бір акциямен байланыстыру дұрыс емес. Ол күнделікті өмір салтына айналуы керек.
Бұл тұжырымдаманың басты ерекшелігі – мемлекет пен қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы. Әр адам өз міндетін адал орындаса, еліміздің қалалары мен ауылдары көркейіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Таза ел құру үшін үлкен өзгерісті күтудің қажеті жоқ, ең алдымен өзіміздің күнделікті әдеттерімізді өзгертуіміз қажет.
С.ҚАЙЫР



