Мен «Таза Қазақстан» бастамасын бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың мәселесі деп қабылдаймын. Себебі қоршаған ортаға жасаған әрбір әрекетіміздің салдары бізбен бірге жоғалып кетпейді. Бүгін кесілген ағаштың орнын бірнеше жылда ғана толтыруға болады, ластанған судың табиғи қалпына келуі ұзақ уақыт алуы мүмкін, ал табиғатқа келтірілген кейбір зиянның салдары бірнеше ұрпаққа әсер етеді.
Осы себепті экологиялық жауапкершілікті азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет. Адам өз үйінің тазалығына жауап бергені сияқты, өзі өмір сүретін аулаға, көшеге, қалаға, ауылға және жалпы табиғатқа да жауапты болуы керек. Бұл жерде «мемлекет тазалауы тиіс» деген түсінікпен ғана шектелу жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар инфрақұрылым жасап, бақылау жүргізіп, жағдай қалыптастырғанымен, оның нәтижесін сақтайтын – қоғамның өзі.
Әсіресе бұл құндылықты балалар мен жастардың бойына ерте қалыптастыру маңызды. Тұжырымдамада экологиялық білім беру мен экологиялық тәрбиені күшейтуге басымдық берілген. 2029 жылға қарай экологиялық тәрбие іс-шараларына тартылған білім алушылардың үлесін 15%-дан 40%-ға дейін арттыру көзделген.
Меніңше, баланы «қоқыс тастама» деп үйретуден гөрі, «сенің бүгінгі әрекетіңнен ертеңгі ұрпақтың өмірі тәуелді» деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңыздырақ. Сонда экология міндет емес, адамгершілік қағидасына айналады.
Таза табиғат – бізге уақытша берілген мұра ғана емес, келесі ұрпаққа аман жеткізуіміз тиіс ортақ құндылық. Сондықтан «Таза Қазақстанның» түпкі мағынасы бүгінгі көшені тазалаумен аяқталмайды. Оның шынайы нәтижесі – бірнеше жылдан кейін табиғатты қорғауды арнайы науқан ретінде емес, қалыпты өмір салты ретінде қабылдайтын ұрпақтың қалыптасуы.
М. ЖАРБОСИНОВА


