Қоршаған орта мәселесі — бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың мәселесі. Табиғатқа жасалған әрбір әрекет ертеңгі ұрпақтың өмір сапасына әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы ерекше. Себебі оның мақсаты тек бүгінгі қалалар мен ауылдардың көркін жақсарту емес, халықтың экологиялық мәдениетін ұзақ мерзімді негізде қалыптастыру.
2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық сауаттандыру, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, энергия мен суды үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты бағыттар қамтылған. Яғни тұжырымдама адамның табиғатқа деген қарым-қатынасын түбегейлі өзгертуге бағытталған.
Менің ойымша, қазіргі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды. Себебі табиғи ресурстар шексіз емес. Су, таза ауа, орман, жануарлар дүниесі — барлығы адамзатқа ортақ байлық. Оларды бүгін ойланбай пайдалану ертең үлкен мәселеге әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғау — белгілі бір мекеменің немесе экологтардың ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Бұл бағытта жастардың рөлі ерекше. Себебі бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі Қазақстанның келбетін қалыптастырады. Жастар экологиялық мәдениетті күнделікті әдетке айналдырса, оның нәтижесі бірнеше жылдан кейін анық көрінеді. Қоқысты сұрыптау, суды ысырап етпеу, электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды таза ұстау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен өзгерістің бастауы бола алады.
«Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырып отырғаны да маңызды. Ресми тұжырымдамада экологиялық акциялардың қоғамның бірлігін нығайтып, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыратыны атап көрсетілген.
Меніңше, экологиялық мәдениеттің ең жоғары деңгейі — адамның бақылаушы болмаса да дұрыс әрекет жасауы. Егер адам жанында ешкім жоқ кезде де қоқысын жерге тастамаса, табиғатты бүлдірмесе, суды босқа ағызбаса, бұл оның ішкі мәдениетінің қалыптасқанын білдіреді.
«Таза Қазақстан» осы түсінікті қоғамға сіңіруге мүмкіндік береді. Өйткені таза қоршаған орта — адамның денсаулығы, қауіпсіздігі және өмір сапасы үшін қажет. Табиғатты қорғау арқылы біз шын мәнінде өз болашағымызды қорғаймыз.
Сондықтан «Таза Қазақстанды» белгілі бір мерзімге арналған акция ретінде емес, тұрақты қоғамдық мәдениет ретінде қабылдауымыз керек. Нағыз нәтиже сенбілік өткен күні емес, сенбілік болмаса да адамдар қоршаған ортаны таза ұстай бастаған кезде көрінеді. Болашаққа жауапкершілік дәл осындай қарапайым әдеттерден басталады.
Д.МАРАТҚЫЗЫ



