Меніңше, «Таза Қазақстан» ұғымын тек көшелердің тазалығы немесе айналаның көріктілігімен шектеуге болмайды. Оның ең маңызды мәні – адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту. Себебі адам табиғатты тек арнайы акция кезінде ғана қорғап, ал күнделікті өмірінде қоқысты кез келген жерге тастайтын болса, бір реттік тазалықтың нәтижесі ұзаққа бармайды. Сондықтан шынайы тазалық адамның ішкі мәдениетінен басталады.
Экологиялық мәдениет қалыптастыру дегеніміз – табиғатты қорғау туралы ақпаратты білу ғана емес, сол білімді күнделікті әрекетке айналдыру. Мысалы, суды ысырап етпеу, электр энергиясын қажетсіз пайдаланбау, қоқысты сұрыптау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ағаштар мен жануарларға жауапкершілікпен қарау – қарапайым көрінгенімен, қоғамның экологиялық мәдениетін анықтайтын әрекеттер.
Бұл тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бір күндік науқан емес, адамның өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Үкімет бекіткен тұжырымдамада да экологиялық әдеттерді қалыптастыру мен азаматтардың жауапты мінез-құлқын дамыту негізгі бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.
Менің ойымша, еліміздің ең үлкен жетістігі жиналған қоқыстың көлемімен емес, уақыт өте келе қоқыс тастайтын адамдардың азаюымен өлшенуі керек. Өйткені тазалықты сақтау үшін әр көшеге бақылаушы қоюдың қажеті жоқ. Адамның өзі «бұл – менің елім, менің қалам, менің аулам» деген түсінікпен өмір сүрген кезде ғана тұрақты нәтиже қалыптасады.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – табиғатты тазарту жобасы ғана емес, адамның санасын тазалыққа тәрбиелейтін қоғамдық мәдениет. Қоршаған ортаны өзгерту үшін алдымен адамның оған деген қарым-қатынасын өзгерту қажет.
А. ИДЕЯТОЛЛАҚЫЗЫ



