Елімізде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – жаһандық деңгейде өзекті болып отырған экологиялық мәселелердің алдын алуға, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған маңызды қадам. Осы ретте қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық тұжырымдамасы – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның әрбір мүшесінің табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды көздейтін ауқымды бастама. Аталған тұжырымдама аясында еліміздің барлық өңірлерінде нақты іс-шаралар жүргізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың, жастардың, еріктілердің және кәсіпкерлік нысандардың белсенді қатысуымен ерекшеленеді. Ортақ іске жұмылған көпшілік табиғатты қорғау ісінің маңыздылығын терең түсініп, нақты әрекетке көшуде. Ауданымызда ақпараттық түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Былтырғы жылы әртүрлі іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен сенбіліктер, экомарафондар, зияткерлік ойындар, қайырымдылық акциялары мен әлеуметтік эксперименттер өткізілді.
Мәселен Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған экомарафон аудан жастарының салауатты өмір салты мен табиғатқа деген жауапкершілігін ұштастырса, «Qazaq quiz» интеллектуалды ойыны жастардың білімін арттыруға бағытталды. Ал «6 пластикалық бөтелке – 1 балмұздақ» акциясы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып, нәтижесінде 5000-нан астам пластикалық қалдық жиналды.
Аудан тұрғындарының белсенділігі сенбіліктерде де айқын көрініс табуда. Өткен жылы өткізілген 30-ға жуық сенбілікке 6500-ден астам адам қатысып, 320 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұл – бірліктің, ортақ жауапкершіліктің айғағы. Биыл да бұл сенбілік жұмыстарды ертерек қолға алып, ақпан айында бастап кеттік. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» республикалық тұжырымдамасының жоспары жаңартылып, тек қана қоқыс жинау мен түп ағаштарын егумен шектелмей, түрлі креативті идеялар арқылы қоршаған ортаны таза ұстауға деген идеологияны қалыптастыруды қолға алдық.
Нұрберген Мұратұлы,
Исатай ауданы әкімінің орынбасары

