«Таза Қазақстан» және болашақ ұрпақ алдындағы аманат

 

Табиғат – қазіргі ұрпаққа ғана тиесілі ресурс емес. Біз бүгін пайдаланған су, жайқалған орман, таза ауа, өзен-көлдер мен кең дала келешек ұрпаққа да қажет. Сондықтан экология мәселесіне тек бүгінгі күннің тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Табиғатты қорғау – уақыт алдындағы жауапкершілік.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасында да қазіргі және болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Құжат экологиялық білімді, өзін-өзі тәрбиелеуді, экологиялық жауапты мінез-құлықты және халықтың экологиялық сауаттылығын жүйелі түрде дамытуға бағытталған. 

Осы жерде жастардың рөлі ерекше деп ойлаймын. Себебі бүгінгі оқушы мен студент – ертеңгі ата-ана, маман, кәсіпкер, мұғалім, дәрігер, инженер немесе мемлекеттік қызметкер. Егер қазіргі жас буын табиғатты қорғауды өмір салты ретінде қабылдаса, бұл ұстаным олардың кейінгі кәсіби және қоғамдық қызметіне де әсер етеді. Сондықтан экологиялық тәрбиені тек сенбілікке қатысумен өлшеуге болмайды. Оның мәні – адамның табиғатты күнделікті өмірінде ескеретін деңгейге жетуінде.

Мысалы, болашақта бір жас кәсіпкер өндіріс ашқанда қоршаған ортаға әсерін ескерсе, бір сәулетші қала құрылысында жасыл аймақтарды сақтауға көңіл бөлсе, бір мұғалім оқушыларына табиғатты құрметтеуді үйретсе, ал қарапайым азамат суды ысырап етпей, қоқысты сұрыптап отырса – осының бәрі экологиялық мәдениеттің нақты көрінісі болады.

Сондықтан «Таза Қазақстанның» нәтижесін тек жиналған қоқыс көлемімен немесе отырғызылған көшет санымен бағалау жеткіліксіз. Ең үлкен нәтиже – адамның табиғатқа деген көзқарасы өзгерген кезде пайда болады. Біздің бүгінгі әрекетіміз келешек ұрпақтың өмір сүретін ортасын қалыптастырады. Сол себепті табиғатты қорғау – бір реттік міндет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын аманат.

 

С.ЗИНЕТОЛЛАЕВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT