«Таза Қазақстан» туралы сөз қозғағанда, біз көбіне экологиялық тазалықты әлеуметтік немесе тәрбиелік мәселе ретінде қарастырамыз. Алайда бұл бастаманың экономикалық маңызы да бар. Қазіргі қоғамда қалдықты тек қажетсіз зат ретінде емес, қайта пайдалануға болатын ресурс ретінде қабылдау маңызды.
Бүгінде күнделікті тұрмыста қағаз, пластик, шыны, металл сияқты көптеген материалдар қолданылады. Егер олардың барлығы бір жерге аралас күйінде тасталса, қайта өңдеу мүмкіндігі төмендейді. Ал қалдықтарды бөлек жинау жүйесі қалыптасса, белгілі бір материалдарды қайта айналымға енгізуге болады. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында да қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылымды дамыту және қайта өңдеу үлесін арттыру міндеттері қарастырылған. Мысалы, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 25%-дан 38%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Бұл жерде жастардың да рөлі ерекше. Экологиялық мәдениет қалыптасқан жас ұрпақ болашақта тек табиғатты қорғаушы азамат қана емес, жаңа экономикалық модельдердің қатысушысы бола алады. Қайта өңдеу кәсіпорындары, экологиялық технологиялар, қалдықтарды басқару жүйелері, энергия үнемдейтін өндіріс, экологиялық тауарлар мен қызметтер – мұның барлығы жаңа жұмыс орындары мен жаңа кәсіп түрлерінің пайда болуына мүмкіндік береді.
Менің ойымша, «қоқыс» деген сөздің өзіне көзқарасымызды өзгерту керек. Бір адамның қажетсіз деп тастаған заты екінші бір өндіріс үшін шикізат болуы мүмкін. Осы түсінік қоғамға орнықса, тазалыққа деген көзқарас та өзгереді.
2025 жылы Қазақстанда экологиялық акциялар мен абаттандыру шараларына 6,9 млн адам қатысып, 844 мың тонна қалдық жиналғаны ресми түрде хабарланды. Бұл көрсеткіштер қоғамның экологиялық бастамаларға қатысу ауқымын көрсетеді.
Сондықтан «Таза Қазақстанды» тек «қоқыстан арылу» деп емес, қалдықты басқару мәдениетін қалыптастырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген болашақ экономикаға қадам деп түсінуге болады.
А. ӨМІРБЕКҚЫЗЫ



