Кез келген мемлекеттің даму деңгейін тек зәулім ғимараттарынан, жаңа жолдарынан немесе экономикалық көрсеткіштерінен байқау жеткіліксіз. Оның тұрғындарының қоғамдық кеңістікке қалай қарайтыны да сол елдің мәдениетін көрсетеді. Адам өзі пайдаланатын саябақты, көшені, ауланы немесе өзен жағасын «ортақ үйінің» бір бөлігі деп қабылдағанда ғана қоғамда шынайы жауапкершілік қалыптасады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының ерекшелігі – тазалық мәселесін қоғамдық мәдениетпен байланыстыруында. Тұжырымдамада экологиялық мәдениет адамның жалпы мәдениетінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Онда халықтың экологиялық сауаттылығын арттырумен қатар, қоғамдық орындарда қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және қоршаған ортаның ластануына «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру көзделген.
Менің ойымша, бұл жерде ең маңызды өзгеріс адамның «менің аулам» деген түсінігін «біздің ортамыз» деген түсінікке алмастыруынан басталады. Мысалы, саябақтағы орындықты сындырмау, гүлді таптамау, ағашты бүлдірмеу немесе қоқысты белгіленген жерге тастау – үлкен ерлік емес. Бірақ қоғамдағы мыңдаған адамның осындай қарапайым әрекеттерді тұрақты түрде орындауы үлкен мәдени нәтижеге әкеледі.
Тазалық адамның ішкі тәртібімен де байланысты. Қоғамдық орында өзін қалай ұстайтын адам өзінің жауапкершілік деңгейін көрсетеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті тек мектепте немесе арнайы акция кезінде үйрету жеткіліксіз. Ол отбасында, білім беру ұйымдарында, жұмыс орындарында және күнделікті өмірде қалыптасуы керек.
Мен «Таза Қазақстанды» осы жағынан қоғамдық санаға әсер ететін ұзақ мерзімді мәдени өзгеріс ретінде қабылдаймын. Таза қала немесе таза ауыл – коммуналдық қызметтің ғана нәтижесі емес, сол жерде өмір сүретін адамдардың ортақ мәдениетінің көрінісі.
Ж.СЕМБИЕВА



