Тазалық адамның мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілігін көрсетеді

ашық дереккөзден

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы — еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Қазіргі таңда тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің немесе арнайы мекемелердің міндеті деп қарауға болмайды. Әрбір адам өзі тұратын аумақтың тазалығына үлес қосқанда ғана қоғамда оң өзгеріс қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының тәрбиелік мәні ерекше деп ойлаймын.

Тазалық адамның мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілігін көрсетеді. Көшеге қоқыс тастамау, табиғатты ластамау, ағаштарды қорғау, аула мен қоғамдық орындарды таза ұстау — қарапайым көрінгенімен, қоғам үшін маңызы зор әрекеттер. Мұндай әдеттерді бала кезден қалыптастыру қажет. Егер әр азамат өзінің қоршаған ортасына жанашырлықпен қарайтын болса, қалаларымыз бен ауылдарымыздың көркі де арта түседі.

Менің ойымша, «Таза Қазақстан» науқаны бір реттік сенбілікпен шектелмеуі керек. Ол адамдардың күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Қоршаған ортаны қорғау мәдениеті тұрақты түрде қалыптасқанда ғана бұл бастама ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» — тазалықты сақтауға шақыратын ғана емес, елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті арттыратын маңызды жалпыұлттық бастама.

 

Н.ЖОЛАМАНҰЛЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT