Тазалық – адамның мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы

ашық дереккөзден

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: – Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.

Президенттің «Таза Қазақстан» туралы айтқан сөзі қазіргі қоғам үшін өте маңызды деп ойлаймын. Себебі тазалық – адамның мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы. Адам өз үйін, ауласын, көшесін таза ұстаса, ол өзінің туған жеріне жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді.

«Тазалық әр адамнан басталуы керек» деген ой өте орынды айтылған. Кей адамдар тазалықты тек мемлекетке немесе арнайы қызметкерлерге жүктейді. Алайда қоршаған ортаның таза болуы – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Әр адам қоқысты кез келген жерге тастамай, табиғатты қорғауға үлес қосуы қажет.

Президенттің «Бұл – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз» деген сөзі ерекше әсер қалдырды. Өйткені тазалықты сақтау тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды болуы керек. Егер әр адам тазалықты әдетке айналдырса, еліміз де таза әрі көркем болады.

Сонымен қатар бұл бастамада жастардың рөлі ерекше. «Жас келсе – іске» дегендей, жастар табиғатты қорғау жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Олар ағаш отырғызып, көшелерді тазалап, экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосуда. Бұл – жастардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Таза табиғат – денсаулықтың кепілі. Егер қоршаған орта таза болса, адамдар да жайлы өмір сүреді. Сондықтан әр азамат табиғатты қорғауды өз міндеті деп түсінуі керек.

Қорытындылай келе, Президенттің бұл сөзі халықты бірлікке, жауапкершілікке және тазалыққа шақырады. «Таза Қазақстан» – тек экологиялық бастама емес, ол – елге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін бәріміз ортақ іске үлес қосуымыз қажет.

 

Нұрдәулет АТЕЛОВ,

Исатай аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT