Тазалық – адамның табиғатқа емес, өз болашағына деген жауапкершілігі

ашық дереккөзден

 

«Таза Қазақстан» ұғымын тек көшені қоқыстан тазарту немесе ауланы абаттандырумен шектеуге болмайды. Меніңше, оның ең маңызды мәні – адамның табиғатпен қарым-қатынасын өзгертуінде. Себебі қоршаған ортаның тазалығы бір күндік сенбілікпен емес, күнделікті қалыптасқан әдетпен өлшенеді. Қоқысты кез келген жерге тастамау, суды және электр қуатын үнемдеу, қажетсіз заттарды аз тұтыну, қалдықтарды сұрыптау сияқты қарапайым әрекеттер бір қарағанда ұсақ болып көрінгенімен, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын негізгі қадамдар.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасында да экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық білім беру және халықты ақпараттандыру негізгі бағыттар ретінде белгіленген. Сонымен қатар тұжырымдамада 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 38%-ға жеткізу мақсаты қойылған.

Мен үшін бұл бастаманың құндылығы – оның адамға «табиғатты қорғау керек» деген жалпы ұраннан гөрі, нақты жауапкершілік ұғымын түсіндіруінде. Бүгін біз қоршаған ортаға қалай қарасақ, ертеңгі ұрпақ сондай ортаны қабылдайды. Демек, табиғатты қорғау – болашақтағы адамдардың өмір сапасына әсер ететін бүгінгі таңдау. Егер әр азамат «тазалықты біреу келіп жасайды» деген түсініктен арылып, өз үйінің ауласынан, көшесінен, жұмыс орнынан бастап жауапкершілік танытса, экологиялық мәдениет біртіндеп қоғамдық нормаға айналады.

Сондықтан «Таза Қазақстан» – айналаны тазарту туралы ғана емес, адамның өз әрекетінің салдарын түсінуі туралы бастама. Нағыз тазалық қоқыс жиналған кезде емес, қоқысты жерге тастау қажеттілігі адамның санасында жойылған кезде қалыптасады.

 

Г.ӨТЕМІСҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT