«Таза Қазақстан» – айналаны қоқыстан тазарту немесе көшеге ағаш отырғызумен ғана шектелетін науқан емес. Меніңше, оның ең маңызды мәні – адамның табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Себебі таза орта қалыптастыру үшін алдымен адамның күнделікті әдеті өзгеруі керек.
Қазіргі қоғамда тазалықты көбіне коммуналдық қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың міндеті ретінде қабылдайтын түсінік кездеседі. Алайда қоршаған ортаның жағдайы әр азаматтың іс-әрекетімен тікелей байланысты. Қоқысты арнайы орынға тастау, суды ысырап етпеу, ағаштарды күтіп-баптау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен мәдениеттің белгісі. Экологиялық мәдениет те дәл осындай күнделікті таңдаулардан қалыптасады.
«Таза Қазақстанның» ерекшелігі – тазалықты қоғамдық құндылық деңгейіне көтеруінде. Бір адамның бастаған жақсы ісіне екінші адам қосылса, ол жеке әрекеттен қоғамдық қозғалысқа айналады. Ал қоғамда тазалыққа деген жауапкершілік қалыптасқанда, табиғатты қорғау уақытша акция емес, өмір салтына айналады.
Менің ойымша, біз «табиғатты не үшін қорғауымыз керек?» деген сұрақтан гөрі «табиғатқа қандай із қалдырамыз?» деген сұрақты жиі қоюымыз қажет. Өйткені бүгінгі жасаған әрекетіміздің нәтижесін келешек ұрпақ көреді. Таза көше, көгалданған аула, мөлдір су мен таза ауа – болашаққа қалдыратын ең құнды мұралардың бірі.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – айналаны тазарту идеясы ғана емес, адамның өзін тәрбиелеу идеясы. Елдің тазалығы әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Егер әрқайсымыз өз ауламызға, көшімізге, қаламызға және табиғатқа «бұл – менің үйім» деген көзқараспен қарасақ, Қазақстанның тазалығы бір күндік шара емес, тұрақты мәдениетке айналары сөзсіз.
Ж.СЕМБИЕВА


